Menu HELPDESK

Сыбызғышы, ғалым, күйші-ұстаз Талғат Мұқышевтың 60 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті



2022 жылдың 17 қарашасында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында өнер-білім ордасының профессоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, өнертану ғылымының кандидаты, сыбызғышы Мұқышев Талғат Кәріпжанұлының 60 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ сыбызғы өнері және фольклорлық аспаптар: дамуы мен зерттелуі» атты республикалық дөңгелек үстел және концерттік кеш өтті.

Мұқышев Талғат Кәріпжанұлы – қазақтың көне музыкалық аспабы сыбызғыны осы заманда кеңінен насихаттап, сыбызғы күйшілік дәстүрінің заманауи кәсіби мектебінің негізін қалаушы ретінде дәстүрлі өнер тарихында алар орны бар өнерпаз тұлға. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында көптеген жыл ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеп, сонымен қатар Германия, Франция, Италия, Бельгия, Голландия, Мысыр, Оңтүстік Корея, Қытай тағы да басқа шет елдерде өнер көрсетіп, дәстүрлі музыкамызды әлемге танытып, сондай-ақ, халық арасынан 100-ге тарта қазақ сыбызғы күйлерін жинап, нотаға түсіріп, кітап жазып, өнер мен ғылымды ұштастырып жүрген дарын иесі.Мерейтойға арнайы келген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық музыкасы» факультетінің деканы Төлепберген Тоқжанов консерватория ректоры Арман Жүдебаевтың құттықтау хатын табыстап, Талғат Кәріпжанұлын мерейлі 60 жасқа толуымен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.


Концерттік кеште дүлдүл әншілер, ҚР еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Нұржан Жанпейісов пен Айгүл Қосанова және Талғат Кәріпжанұлының шәкірттері өнер көрсетті. Мерейтой кешін ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-ұстаз Мұрат Әбуғазы жүргізді.











Альбомдарға оралу