Түлектер 20 жылдан кейін бас қосты
2022 жылдың 6 мамырында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2002 жылы бітірген түлектері өздерін қанаттандырған білім ордасында бас қосты. Түлектер атынан сүйікті білім ордасына олар өзіндік сый-сияпаттарын да ала келіпті. Нақтылап айтсақ, консерваторияның «Б» корпусының кіреберісіндегі оң жақ қабырғаға, кім-кімнің де осы оқу ордасында өнер нәріне сусындар сәтін санап, ескертіп тұрар уақыт белгісіндей, үлкен қабырға сағат орнатылды.
Салтанатты жиынға Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Гүлнар Бақытқызы Әбдірахман мен Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Мұхамбет Ашхатұлы Ешмұханов, ардагер-ұстаз, профессор Сахарбаева Карима Сүндетқызы, ҚР еңбек сіңірген артисі, профессор Үлкенбаева Айгүл Нариманқызы және басқа да ұстаздар қатысып, ширек ғасырға жуық уақыт бұрын консерватория қабырғасынан түлеп ұшқан түлектерге арналған жүрекжарды лебіздерін ортаға салды.
Жиын соңында фәниден бақиға өтіп кеткен ұстаздары мен курстастарын – марқұмдарды еске алып, олардың әруақтарына Құран бағышталып, кішігірім дастархан жайылды. Қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдарды бірге өткізген достар әдемі естеліктерімен бөлісіп, ұстаздарына өз алғыстарын білдірді.
Жыл басында өз жұмысын бастаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Түлектер қауымдастығы ұйымның ісін жандандыру бағытында осы іспеттес басқа да іс-шаралардың алдағы уақытта ұйымдастырылып отыруына мұрындық болмақ.