Menu HELPDESK

Түлектер тартуы



Бүгін, мамыр айының 5 күні косерватория ғимаратында 2003 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық музыкасы» факультетін тәмамдаған түлектердің келелі кездесуі болып өтті.

Осыдан жиырма жыл бұрын аталмыш білім шаңырағынан арманға қанат байлап ұшқан түлектер бүгінде еліміздің әр түкпірінде өнер әлеміне өз үлестерін қосып, еселі еңбек етуде. Өздері білім алған өнер ордасына сан жылдардағы сағынышқа толы көңілдерімен, ізгі пейілдерімен жеткен түлектер бұл күні консерваторияда саналы өнер-білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен қуана қауышты.


Жиырма жылдық түлектер кездесуге құр қол келмей, консерваторияға өздерінің арнайы дайындаған сый-тартуларын ұсынды. Оқу ғимаратының «Халық музыкасы факультеті» орналасқан екінші қабатындағы фойеге қазақтың дәстүрлі ән, жыр, күй мектептерінің аймақтық картасын орнатып, осы жерде арнайы ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Аталмыш іс-шараға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ректорының тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы, ректор аппараты қызметінің басшысы Скаков Ермек Жанатайұлы, «Халық музыкасы» факультетінің деканы, профессор Тоқжанов Төлепберген Төрахметұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, профессор Үлкенбаева Айгүл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Е.Б.Басықара, доцент, философия докторы (PhD) Бердібай Айжан Рахманқұлқызы және доцент, өнертану кандидаты (PhD) Сабырова Әлия Сұлтанмұратқызы қатысты.


Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақтың дәстүрлі ән, жыр, күй мектептерінің аймақтық картасын салтанатты түрде ашу құрметіне ие болған ұстаздар Е.Б.Басықара мен Үлкенбаева Айгүл осынау керемет кездесу иелері-жиырма жылдық түлектерге ізгі ниеттерін білдіріп, алғыстарын жаудырды.


Өмірі мен өнерін егіз еткен 2003 жылғы түлектер кездесу барысында өздері түлеп ұшқан білім ғимаратын ән мен жырға, күмбірлеген күйге толтырып, арнайы дастархан жайды.



























Альбомдарға оралу