Menu HELPDESK

Түркі әлемінің соны жетістіктері



2022 жылғы қыркүйектің 4-9 күндері Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Халықаралық форматтағы ауқымды шаралар өтті. Қалың көпшіліктің назарына ICTM «Түркі әлемінің музыкасы» зерттеу тобының VIII Халықаралық Симпозиумы мен дәстүрлі түрде аталып өтетін 9 қыркүйек – Қомыз күні ұсынылды. Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, «Қырғыз дәстүрлі музыкасы» Қорының, дәстүрлі музыка Халықаралық Кеңесінің, Еуразиялық Халықаралық университетінің қолдауымен өткізіліп, ел назарына ұсынылған шаралар бүкіл дүниежүзінен жиналған ғалым-музыканттар мен фольклортанушыларының назарын аудартты.

Аталған ауқымды, мазмұнды мәдени-ағартушылық және ғылыми уақиғалардың мақсаты – дәстүрлі музыкалық өнерді сақтау, дамыту және насихаттау еді. Оған Италия, АҚШ, Нидерланды, Түркия, Татарстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты әртүрлі мемлекеттерден келген фольклортанушылар, орындаушылар мен музыкатанушылардың қалың қауымы қатысты.

ICTM симпозиумының аясында жыршылық-жыраулық, сондай-ақ аспапта орындаушылық өнердегі шеберліктерін көрсеткен манасшы, дастаншы және ақындар өз өнерлерін паш еткен концерттер ұйымдастырылды. Симпозиум бағдарламасында, алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес пленарлық мәжілістер мен музыкалық түркітанушылықтың түрлі аспектілері бойынша баяндамашылардың офлайн және онлайн форматтардағы сараптамалық отырыстары және түрлі шеберлік-сыныптар, тұсаукесерлер, концерттік бағдарламалар өткізілді. Симпозиумның тығыз жұмысы түркітанушылықтың әртүрлі бағыттары бойынша жүргізілді: «Түркі музыкалық дәстүрлерін зерттеу мәселелері», «Құбылмалы әлемдегі дәстүрлер», «Түркі музыкасын зерттеуге арналған қайнарлар», «Музыкалық мәдениеттерден тыс музыка», «Түркі эпикалық дәстүрлері», «Дәстүрлі және композиторлық музыка», «Түркі халықтарының әншілік және бишілік дәстүрлері», «Түркітілдес халықтардың мәдениетіндегі дәстүрлі орындаушы феномені», «Діни ғұрып: қызметі мен эстетикасы», «Дәстүрлі музыканттарды оқытудың және оларға ақпаратты берудің ауызша-жазбаша-сандық әдістері» және басқалар.

Қырғыз музыкатанушылары ішінен өнертану докторы К.Ш. Дүйшалиевтің, өнертану кандидаты, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері С. Субаналиевтің, Қырғыз Республикасының Халық артисі, Тоқтоғұл атындағы Қырғыз мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қырғыз халықтық-кәсіби дәстүрлі музыка саласындағы өнертанушылық ғылымдар докторы, профессор Р.А. Аманованың баяндамаларын ерекше атап өтуге болады.

Аталған шарада Қазақстаннан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры С.А. Елеманова «Дәстүрлі музыкалық мәдениеттің бір маңызды ерекшелігі жөнінде» тақырыбындағы баяндамасымен, өнертану кандидаты, «Музыкатану, арт-менеджмент және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» факультетінің деканы Г.Ж. Мұсағұлова «Тәуелсіздік кезеңдегі қазақ операларындағы дәстүрлі өнер жанрларының елеулі рөлі» тақырыбында жасаған баяндамасымен қатысып, өнертану кандидаты В.Е. Недлина «Жаһандану үдерісіндегі қазақстандық музыканың дәстүрлі, эстрадалық, академиялық энтропиясы» атты қызықты баяндамасын ұсынды. Сонымен қатар, аталған ғылыми шараға Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану докторы С.И. Өтеғалиева өзінің докторанты Б. Юнусовамен, PhD докторы А.Р. Бердібай және докторант Б. Бәбіжан онлайн форматта қатысты. 3 курс докторанты А. Бөрібаева да өзінің қызықты баяндамасын ортаға салды. Симпозиум аясында өткізілген әртүрлі басылымдардың Тұсаукесерлері ішінде өнертану кандидаты, профессор А.С. Сабырова ұсынған, ғалым-фольклоршы Б. Мүптекеевтің кітабы мен дискісі де бар.

Қыркүйектің 9 күні Бішкек қаласында Қомыз күніне арналып ұйымдастырылған дәстүрлі музыкалық өнер шеберлерінің Гала-концерті өзінің ауқымдылығымен және тыңдарман аудиториясының арасындағы кең сұранысқа ие екендігімен таң қалдырды. Әлемнің әр алуан бұрышынан келген түркітілдес орындаушылардың есімдері кәсіби мамандар мен дәстүрлі өнерді бағалайтын қауымға баяғыдан таныс.

Осы ауқымды мәдени жобаның аясында сан-алуан елдерден келген ғалымдар мен дәстүрлі музыка орындаушылары қатысушылар мен қалың тыңдарман қауымды түркі халықтарының музыкалық шығармаларымен таныстырған жемісті кездесулер мен диалогтар ұйымдастырылды. Біз Қырғыз Республикасында жүйелі түрде қолданысқа енгізіліп отырған үлкен идеялардың белсенді авторы, ұлттық мәдениет пен ғылымның тағдыры мен насихатының нағыз жанкүйері және тамаша ұйымдастырушысы, осынау бейнеті мол үдерістегі аса жауапты тұлғаның біріктіруші рөлін бұдан бұрын да атап көрсеткен болатынбыз. Ол Қырғыз Республикасының Халық артисі, Тоқтоғұл атындағы қырғыз мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қырғыз халықтық-кәсіби дәстүрлі музыка саласындағы өнертанушылық ғылымдар докторы Роза Асанқызы Аманова. Оның қаламынан бірқатар монографиялар, көптеген қызықты да өнімді жобалар жазылып шыққан.

Аталған ғылыми іс-шаралардың жаһандық ғаламда түркі тілінде сөйлесетін әлем халықтарын біріктірудің ерекше идеясын дамыту мен ілгері жылжытуға жағымды серпін берері сөзсіз. 

Гүлмира Жақсыбекқызы Мұсағұлова,

Өнертану кандидаты,

Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры,

«Музыкатану, арт-менеджмент және 

әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» факультетінің деканы








Альбомдарға оралу