Menu HELPDESK

Тбилисиде Қазақстан мен Грузия композиторларының шығармалары орындалған фортепианолық музыка концерті өтті



2023 жылдың 8 қарашасында Грузия астанасында Тбилиси консерваториясының студенттері мен қазақстандық пианиношы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының магистранты Ерназар Ғимараттың қатысуымен Қазақстан мен Грузия композиторларының шығармалары орындалған фортепианолық музыка концерті өтті.

Сараджишвили атындағы Тбилиси Мемлекеттік консерваториясының Кіші залында ел тарихында алғаш рет «Мәдениеттер диалогы» бағдарламасы аясында өткен аталмыш концертте қос елдің үздік музыканттары өздерінің өнерлерін жоғары деңгейде паш етті.

Бұл өнер мерекесін Сараджишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік консерваториясы мен «Art Forum of Kazakhstan» халықаралық шығармашылық ұйымы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ұйымдастырды.

Концерттік бағдарламада екі бірдей мемлекеттің танымал композиторларының, атап айтсақ, Отар Тактакишвили, Евгений Брусиловский, Бәкір Баяхунов, Қуат Шілдебаев, Лагидзе, Барбаре Амареджиби, Борис Ерзакович, Сулхан Цинцадзе, Алексей Мачавариани, Георга Шаверзашвилидің туындылары орындалды. Сондай-ақ, қазақстандық жас композитор Карина Измаилованың Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған «Арнау» және грузиялық композитор Барбаре Амареджибидің «Фортепианоға арналған 2 гавот» туындыларының премьерасы өтті.

Сонымен қатар концертке Палиашвили атындағы ОММ оқушылары, Сараджишвили атындағы Тбилиси мемлекеттік консерваториясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен магистранттары қатысты.






Альбомдарға оралу