Телефон алаяқтығына қарсы іс-қимыл бойынша семинар өтті
Бүгін консерваторияның А.Жұбанов атындағы Кіші залында Ректор аппараты қызметінің басшысы Скаков Ермек Жанатайұлының ұйымдастыруымен қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе болып табылатын телефон алаяқтығына қарсы іс-қимыл бойынша семинар болып өтті.
Жиында консерваторияның заң секторының басшысы О.Тілегенова мұндай мәселе туындаған жағдайда заң тұрғысында қалай әрекет ету керектігін айтса, Ақпараттық техникалық сектор басшысы Р.Ешмұратов алаяқтардың мұндай түрлерін қалай анықтауға болатынына мысалдар келтіріп, олардан сақтану жолдарынан хабар берді.
Құқық қорғау саласы мамандары таратқан мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда алаяқтық қылмыстардың дені ғаламтор мен телефон арқылы жасалады екен. Ғылыми түрде мұны «Ақпараттық жүйені пайдаланып жасалатын алаяқтық деп атайды. Бағзы заманнан бері келе жатқан қылмыстың бір түрі алаяқтық қоғамның жағдайына байланысты түрленіп, дамып, жаңа сипатта көрініс беруде. Соған орай қазіргі кезеңдегі тағы бір сипаты-ақпараттық технологиялардың дамуына байланысты өмірге келген – ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру. Яғни, бұл жерде қылмыскер компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құрылғылар арқылы адамдарды алдап-арбап, олардан ақша бопсалау, мүлкін жымқыру сияқты жымысқы әрекеттерге баратыны белгілі. Бір өкініштісі қылмыстың бұл түрінің күн санап көбеюі мен халықаралық деңгейде таралып, қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналуы.
Семинарды қортындылай келе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бас әкімші О. Омарұлы ғаламтор және телефон алаяқтарынан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына тоқталып, әрбір адамның өз дербес деректерін ешкімге хабарламауына, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға шақырды.