Menu HELPDESK

«Толқын сазы» атты хор шығармалары жинағының тұсаукесері өтті


5 мамыр күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының камералық залында дирижер, композитор, «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Дирижирлеу» кафедрасының доценті Ғалымжан Кәрібжанұлы Берекешевтың «Толқын сазы» аралас хорына арналған хор шығармалары Жинағының тұсаукесері болды.

Аталған шараны «Вокал, дирижирлеу және музыкалық білім» факультеті ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері, профессор, «Дирижирлеу» кафедрасының меңгерушісі Базарғали Әжиұлы Жаманбаевтың 80 жылдығына арнап ұйымдастырды.

Ғ.К. Берекешевтің жинағында белгілі қазақ халық әндері мен Қазақстан композиторларының вокалдық туындыларының 16 авторлық өңдеулері мен аранжировкалары топтастырылған.

Шараны «Вокал, дирижирлеу және музыкалық білім» факультетінің деканы, қауымдастырылған профессор, өнертану кандидаты Айзада Сайфуллақызы Нүсіпова ашып, өзінің кіріспе сөзінде барлық өңдемелердің хорлық хаттау мен оның ерекшеліктерін терең білгендік тұрғысынан жүзеге асырылғанын атап көрсетті.

Сөз болып отырған жинақ Ғ.К. Берекешевтің таңдаулы саладағы жұмыстар сериясының жалғасы. Кәсіпқойлар мен хор өнері әуесқойларының арасында орасан танымалдылыққа ие болған «Шабыт толқынында» (2012 ж.) және «Арнау» (2017 ж.) хорларына арналған оның хрестоматиялары кеңінен танымал.

«Толқын сазы» жинағының тұсаукесерінде Ғ.К. Берекешевтің жетекшілігімен белгілі «Қазына» вокалдық тобы өнер көрсетті. Шараға салтанатты жиынның құрметті қонағы – ҚР Халық артисі, профессор Б.Ә. Жаманбаев, факультеттің оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар, сондай-ақ «Дирижирлеу» мамандығы бойынша Үлкен және Кіші Республикалық пәндік олимпиадасына қатысушылар мен қонақтары қатысты.

Кешке қатысушылардың барлығы да Ғ.К. Берекешевтің өзі құрған «Қазына» вокалдық ұжымының орындауындағы композитордың жаңа авторлық туындыларын тыңдау мүмкіндігіне ие болды.









Альбомдарға оралу