V халықаралық камералық музыка фестивалі өз шымылдығын ашты
Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында V халықаралық камералық музыка фестивалінің шымылдығы ашылды. Қараша айының 18-22 аралығында өтетін ауқымды шара бағдарламасы бойынша Алматы тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Австрия музыканттарының қатысуымен өтетін, бароккодан осы заманға дейінгі аралықты қамтитын қызықты бес музыкалық кешті ұсыну жоспарланған. Сонымен қатар, фестиваль аясында консерватория студенттері мен магистранттарына шеберлік сабақтары және шетелдік қонақтармен шығармашылық кездесулер өтпек.
Фестивальдің алғашқы күні консерваторияның мәжіліс залында ұстаздар мен студенттердің Линц қ. (Австрия) А. Брукнер атындағы Музыка, би және актерлік шеберлік университетінің аға оқытушысы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Сергей Киммен шығармашылық кездесуі ұйымдастырылып, Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залда «Инструментальные диалоги» атты концерт көрермен назарына ұсынылды.