«Вокал, дирижерлеу және музыкалық білім беру» факультетінің Ашық есік күні өтті
2023 жылғы 16 мамыр күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында талапкерлерді консерваторияда білім алудың түрлі бағыттары бойынша қабылдау туралы ақпараттармен, сондай-ақ, білім беру бағдарламаларымен таныстыру мақсатында «Вокал, дирижерлеу және музыкалық білім беру» факультетінің «Ашық есік күні» тікелей эфир форматында өтті.
Кездесуді «Вокал, дирижерлеу және музыкалық білім беру» факультетінің деканы, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» - Нүсіпова Айзада Сайфуллақызы жүргізді.
Тікелей эфирге «Дирижерлеу» кафедрасының меңгерушісі, ҚР Халық артисі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Базарғали Әжиұлы Жаманбаев, «Вокалдық өнер» кафедрасының меңгерушісі, оқытушы, магистр «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бекназарова Танагүл Қайкенқызы;
- «Музыкалық білім және психология» кафедрасының меңгерушісі, аға оқытушы, өнертану ғылымдарының магистрі Есдәулетова Камила Әбдуалиқызы, бакалавриатқа қабылдау жөніндегі жауапты хатшы, өнертану ғылымдарының магистрі Иманбаев Азамат Капуханұлы, магистратура мен докторантураға қабылдау жөніндегі жауапты хатшы, өнертану ғылымдарының магистрі Кешубаева Динара Ермекқызы қатысты.
Іс-шарада факультет және кафедра тарихы туралы баяндалды. Талапкерлер консерваторияға үш деңгейде (бакалавриат, магистратура, докторантура) оқуға түсу шарттары туралы, «Вокалдық өнер» және «Дирижерлеу» мамандықтары бойынша қабылдау емтихандарына қойылатын талаптар (хор және оркестр бойынша), түлектерді жұмысқа орналастыру және одан әрі шығармашылықтарын іске асыру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді.
Кездесу барысында Құрманғазы атындағы ҚҰК 79 жыл ішінде жоғары музыкалық білім берудің өзіндік ұлттық моделі құрылғаны, оның бірегейлігі қазақ музыканттарын даярлау жүйесімен еуропалық және орыс классикалық музыкалық білім беру дәстүрлерін синтездеу болып табылатындығы жайлы әңгіме өрбіді.
«Вокал, дирижерлеу және музыкалық білім беру» факультетінің жұмысы мамандарды концерттік-орындаушылық, музыкалық-ағартушылық, ғылыми-зерттеу саласында кәсіби тұрғыда дайындауға бағытталған.