Menu HELPDESK

Ғылымның болашағы – жас зерттеушілердің қолында

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Жаңғыру жолындағы жас ғалым» атты ЖОО аралық студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Бұл маңызды ғылыми шара түрлі салада зерттеу жүргізіп жүрген талантты студенттерді біріктірді.

Конференцияның ұйымдастырушысы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы болды. Іс-шараны ұйымдастыруға Абсатарова Г. Б. белсенді атсалысты. Конференцияның ресми ашылуы кафедра меңгерушісі Калдаева Б. С. құттықтау сөзімен басталды. Ол студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының білім беру үдерісіндегі маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биылғы жылы конференция Алматы қаласының жетекші жоғары оқу орындарынан 40-тан астам студентті жинады. Олардың қатарында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы бар.

Конференция жұмысы үш секция бойынша жүргізілді:
1-секция – қазақ тіліндегі баяндамалар
2-секция – орыс тіліндегі баяндамалар
3-секция – ағылшын тіліндегі баяндамалар

Қатысушылар әлеуметтік теңсіздік, музыканың тілдік концептуализацияға әсері, қобыздың түркі мәдениетіндегі сакральдық маңызы, мәдениетаралық коммуникациядағы жасанды интеллектінің рөлі және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.

Студенттердің жоғары дайындығы, ғылыми ізденіске деген ұмтылысы және өз саласына қосқан үлесі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Үздік баяндамалар дипломдармен марапатталып, «Тақырыптың өзектілігі үшін», «Шешендік өнері үшін» және «Креативтілігі үшін» арнайы номинациялары берілді.

«Жаңғыру жолындағы жас ғалым» конференциясы студенттік ғылымның білім беру үдерісіндегі маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол жастарды жаңа зерттеулерге шабыттандырып, олардың ғылыми көкжиегін кеңейтіп, ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал етті.

  

Альбомдарға оралу