Студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер: Братиславаға сапар басталды!

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының әкімшілігі мен оқытушылары өз студенттерін жаңа білім саяхаттарына үлкен қуанышпен және толқумен шығарып салуда. Қалыптасқан дәстүр бойынша жауапты кезеңінің алдында әкімшілік пен оқытушылар «Хорда дирижирлеу» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын екінші курс студенттері Айым Искакова мен Риза Жұмагалиевамен кездесіп,оларға сәттілік тілеп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Айым және Риза көптен күткен визасы мен төлқұжаттарын қолдарына алып, Словакияға аттануда. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Еуропадағы жетекші оқу орындарының бірі- Братиславадағы Орындаушылық өнер академиясында білім алатын болды. Әрқайсысы үшін бұл тек оқу жолындағы қарапайым қадам емес, шығармашылық әлеуетін ашып, халықаралық академиялық қоғамдастықтың бөлігіне айналуға тамаша мүмкіндік.
Айым мен Риза бір күні, бір уақытта, алайда Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде дүниеге келген. Олардың жолдары ең алғаш консерваторияда тоғысып, академиялық ұтқырлық жобасы аясында білім нәрімен бірге сусындау мүмкіндігі бұйырыпты.
Серіктес университетпен тәжірибе алмасу консерватория студенттеріне білім алуда жаңа мүмкіндіктер ашып, кәсіби білімдерін тереңдетуге және орындаушылық шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Консерватория студенттеріне жаңа шығармашылық табыстар және білім алу жолында сәттілік тілейді!