Menu HELPDESK

Цюрих студенті Қазақ консерваториясында оқуын аяқтады


2025 жылғы 25 мамыр күні серіктес оқу орны — Цюрих университетінің (Цюрих, Швейцария) 3-курс студенті Люсия Жаннре «Музыкатану» мамандығы бойынша оқуын табысты аяқтады.

Люсия Жаннре 2024 жылдың 2 қыркүйегінен 2025 жылдың 25 мамырына дейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында академиялық мобильдік бағдарламасы аясында ақылы негізде оқыды. Алматыда оқу барысында ол қазақ музыкасының тарихы мен теориясын, Қазақстан композиторларының шығармашылығын зерттеді. Халықтық және авторлық музыкалық шығармалар мен тақырыптық музыкалық материалдарды зерделеу оның ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл оған өңірдің музыкалық мәдениетін тереңірек түсінуге және музыканттардың шығармашылығына етене жақындауға мүмкіндік берді.

Академиялық мобильдік бағдарламасы Люсияның тек кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жаңа мәдени тәжірибе алуына септігін тигізді.

Қазақ ұлттық Құрманғазы атындағы консерватория Цюрих университетіне сенім, ынтымақтастық және академиялық мобильділікті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді. Біз Люсияға туған елінде дипломдық жұмысын сәтті қорғап, шабыт пен жаңа академиялық жетістіктерге жетуді тілейміз.

 

 

 

 

Альбомдарға оралу