Зере Бейсембаеваның 90 жылдығына арналған еске алу кеші
2022 жылдың 7 қарашасында консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында Қазақстандағы қобыз өнерінің өркен жаюына үлкен үлес қосқан өнер қайраткері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Құрманғазы оркестрінің ардагері, қобызшы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Зере Бейсембаеваның 90 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші өтті.
Концертке «Меруерт» қобызшылар ансамблі, көркемдік жетекшісі Ә.Рақымжан, концермейстері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Г.Жидилова, Студенттік фолклорлы-этнографиялық оркестр, көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Н.Аширов, дирижер А.Рақышев және А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ ұжымдары қатысты.
Зере Бейсембаева 1932 жылы мамыр айының екінші жұлдызында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Ол отыз жылдан аса уақыт А.Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыка мектебінде жасөспірім музыканттарды тәрбиеледі. Олардың қатарында: Мақпал Жүнісова, Құндыз Қаламбаева, Сәуле Маманова, Жұмақыз Хамитова, Шынар Абилова, Газиза Габдрахимова, Әсел Қалекешова, Индира Даулетиярова, Гүлназ Булаева, Айнагүл Абильдина, Арайгүл Мутигулина сынды елімізге танымал өнер саңлақтары мен халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары бар.
Сондай-ақ, Зере Бейсембаева Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында да жемісті ұстаздық еңбек атқарды.
Зере апай – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде, білім беру саласының өркендеу жолында өз қолтаңбасын қалдырған тұлға.